peralta1_MUNIR UZ ZAMANAFP via Getty Images_farm laborers MUNIR UZ ZAMANAFP via Getty Images

Азық-түлік саласындағы жаңа ғаламдық ережелер

ЖЕНЕВА – Биыл әлем елдері бұрынғыдан жетілдірілген халықаралық ережелер ауыл шаруашылық тауарларын сату жүйесіндегі әділдік пен тұрақтылықты арттырып, аштыққа қарсы күрестегі соңғы сәтсіздіктерді жеңуге көмектесуін қамтамасыз ете алады. БҰҰ-ның қыркүйекте өтетін азық-түлік жүйелері жөніндегі саммиті, қарашаға жоспарланған климат жөніндегі конференция және осы айдың соңында күтіліп отырған Дүниежүзілік сауда ұйымы министрлерінің конференциясы саясаткерлерге бірлесіп жұмыс істеуге жақсы мүмкіндік туғызып отыр.

COVID-19 пандемиясы, экономикалық құлдырау, климаттың өзгеруі және әлемдегі әртүрлі кикілжіңдер аштықтың артуына ықпал етті. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топ сарапшыларының жақында жариялаған есебінде   әлем елдері күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде неге жылдам әрекет етуі керегі жақсы түсіндірілген.

Мәселен, әлем елдері азық-түлік және ауыл шаруашылығы нарығындағы кедергілерді жоюға назар аударуы керек. Саясаткерлер осы нарықтардың жұмысын жақсарта алса, бұдан бірінші кезекте әлжуаз топқа жататын өндірушілер мен әлеуметтік жағдайы төмен тұтынушылар ұтады.

Бұрынғыдай әрекет етуден пайда жоғы белгілі. БҰҰ агенттіктерінің есебінше, 2020 жылы 720-811 миллион адам аштыққа тап болған. Одан бөлек, кейінгі алты жылда азық-түлік қауіпсіздігі біршама төмендеп, қазір әлемдегі әрбір үшінші адам осы мәселеден зардап шегіп отыр. Осы онжылдықтың соңына қарай тұрақты даму саласындағы «аштық мәселесін жою» деген мақсатқа қол жеткіземіз десек, қазіргі бағытымызды өзгертуіміз керек.

2050 жылға қарай әлем халқы 10 миллиардқа жетеді деген болжам да мәселені кейінгі қалдыруға болмайтынын дәлелдейді. Сауда мен нарыққа қатысты жетілдірілген ережелер азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, азаматтардың табысы мен ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Бұрынғыдан тиімді жұмыс істейтін нарықтар азық-түлік жүйесінің жаһандық жылыну мәселесінің алдындағы тұрақтылығын арттырады. Бұл өте маңызды, өйткені қазір ауа температурасы мен жауын-шашын көлемі өзгеріп, құрғақшылық, су тасқыны мен дауыл сияқты табиғат апаттары жиілей бастады.

Aштықтың ауқымы кеңейіп келе жатқаны туралы айтқанда, кейінгі жиырма бес жылда қол жеткен жетістіктерді де ұмытуға болмайды. Осы уақыт ішінде ондаған миллион адам кедейліктен құтылып, орташа табыс мөлшері өсіп, нарықтағы интеграция артты.

HOLIDAY SALE: PS for less than $0.7 per week
PS_Sales_Holiday2024_1333x1000

HOLIDAY SALE: PS for less than $0.7 per week

At a time when democracy is under threat, there is an urgent need for incisive, informed analysis of the issues and questions driving the news – just what PS has always provided. Subscribe now and save $50 on a new subscription.

Subscribe Now

БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегінше, 1995 жылдан бері азық-түлік және ауыл шаруашылық өнімдерінің сатылымы екі есе артып, дамушы елдер арасындағы сауда көлемі өскен. Кейінгі кезде жаңа цифрлық технологиялардың ықпалымен азық-түлік және ауыл шаруашылығы нарығы трансформацияға ұшырап, еңбек өнімділігі артып, тауарлар мен қызметтер саласындағы трансшекаралық сауда жеңілдеді.

Одан бөлек, әлем елдері көршілес және шетелдік сауда серіктестерімен интеграциясын нығайтып, жаңа нарықтарға қол жеткізу үшін екіжақты және өңірлік сауда келісімдерін жасады. Бірақ азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің ғаламдық сауда ережелерін жаңарту жолындағы іс-қимылдар өте баяу жүрді.

2015 жылы Найробиде өткен кездесуде сауда министрлері тұрақты даму мақсаттары бойынша бір міндеттемені орындап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына субсидия бөлуді тоқтату туралы келісімге қол қойды. Бұл кездесуден екі жыл бұрын Балиде бас қосқан әлем елдері Дүниежүзілік сауда ұйымы ұранының аясында азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де мәселелер бойынша келісімге келді. Бірақ бұл нарықта бұрыннан келе жатқан мәселелерді шешіп, ғаламдық ережелердің болашақ мақсаттарға сай келуін қамтамасыз ету үшін көп күш салу керек.

Дүниежүзілік сауда ұйымы министрлер конференциясының қарсаңында мен ауыл шаруашылығы саласындағы сауда, мақта сияқты тауарларға субсидия бөлу, азық-түлік өнімдері экспортындағы шектеулер, шаруалардың нарыққа қолжетімділігін арттыру мәселелері сияқты жеті түрлі тақырыпта өтетін келіссөздерді басқарамын. Күн тәртібінде сондай-ақ мемлекеттік қорға азық-түлік өнімдерін сатып алу процесін реттейтін ережелер, ауыл шаруашылығы тауарларына берілетін кепілдемелер және экспорттық субсидияларға ұқсайтын шаралар да бар. Көп мемлекет үшін ақпаратқа қолжетімділікті арттырып, барлық саладағы ашықтықты қамтамасыз ету маңызды мәселе саналады.

Дүниежүзілік сауда ұйымының конференциясында министрлер азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласындағы сенімді қалпына келтіріп, саяси ынтымақтастықты арттырып, болашаққа жол ашатын ұсыныстарға келіссе, бұл бәрімізді алға ілгерілететін қадам болар еді. Бұл біздің кездескен мәселелерді бір ұжым болып, жұмыла шешу қабілетімізге деген сенімді күшейтері сөзсіз.

Қазір пандемияны еңсеріп, инклюзивті және тұрақты экономика құрып, әділ болашақ негізін қалыптастыруымыз керек. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату ережелерін жақсартуға бағытталған Дүниежүзілік сауда ұйымының келісімі осы мақсатқа жетудің алғашқы баспалдағы болмақ.

https://prosyn.org/NcjLNmtkk